"Ясауи" тобы Түркияның Кония қаласында өткен XX Халықаралық мистикалық музыка фестивалінде

"Ясауи" вокалды тобы - 2000 жылы Алматы қаласында құрылып, Қазақ елінің рухани астанасы саналатын Түркістанның төрінде жатқан, күллі түркі жұртшылығының рухани тірегі болған Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін заманауи үлгіде орындап, көпшілік назарына ұсынған алғашқы шығармашылық ұжым. Топ репертуарының дені Ясауи хикметтерінен, сондай-ақ осы хикмет ілімінен сусындаған қазақтың, басқа да түркі тілдес иісі мұсылман халықтардан шыққан ақын-шайырлардың рухани жыр-насихаттарынан тұратындықтан ансамбль "Ясауи" вокалды тобы деп аталды. 2010 жылы ұжым өзінің шығармашылық жұмыстарын уақытша тоқтатқан болатын.

Міне, 13 жыл үзілістен кейін "Ясауи" вокалды тобы 2023 жылдың қыркүйек айында Түркияның Кония қаласында өткен XX Халықаралық мистикалық музыка фестиваліне қатысып, түрік ағайындарды, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды өздерінің рухани жырларымен тәнті етті. Кония шаһарының Жалаладдин Руми р.ғ. Мәулана кесенесінің жанындағы алаңында 28 қыркүйекте фестиваль жоспары бойынша жеке концертін ұсынды. Концерттік бағдарлама халықаралық шара ұйымдастырушыларының талап-тілегі бойынша Ясауи бабамыздың үлгісіндегі "Алқа зікір" ғибадатымен басталып, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүніс Әміре, Мақтымқұлы Пырағи, Қашаған жырау сияқты уәли-шайырлардың хикметтері мен насихат сөздеріне ұласты. Шығармашылық ұжымның басты жаңалығы - "Ер Мәдіні аңсау" атты туынды алғаш рет сахнаға шықты. Концертке топ репертуарындағы хикмет-жырлардың көркем аудармасын жасаған ақын, аудармашы, фольклорист, көптеген кітаптар мен жыр-жинақтардың авторы, "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісінің және "Құрмет", "Отан" ордендерінің иегері Светқали Нұржан және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Қазақ әдебиеті" кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты, фольклорист-ғалым Болат Қорғанбек ағаларымыз қатысып, қазақ дүниетанымындағы хикмет ілімі, хәл ілімі, ар ілімі, Ер Мәді тұлғасы туралы баяндап берді.

Айта кетейік, "Ясауи" вокалды тобы 2009 жылы аталмыш фестивальге қатысып, ұйымдастырушылардың ең жоғары бағасын алған болатын.