Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері Еуропа тыңдарманына жетті

Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін тарих қойнауынан жаңғыртып, барша әлемге паш етіп жүрген «Ясауи» вокалды тобы 2023 жылдың желтоқсанында Еуропаның бірқатар мемлекеттерін аралып, жеке концерттерін беріп қайтты.

Атап айтсақ, Еуропа топырағындағы алғашқы кеш Франция Астанасы Париждің маңайындағы Гин қаласында «Қазақ-түрік-француз қауымдастығының» ұйымдастыруымен жергілікті қандас бауырларға арналған рухани әуендер кеші болды. Концертке Қазақстан Республикасының Франциядаға елшілігінің өкілдері мен қазақ тілді тыңдарман жиналды. 

Топтың келесі концерттік бағдарламасы Румыния астанасында қойылды. Бухаресттегі концерт Румын еліндегі «Татар күнімен» сәйкес келіп, 20 мемлекеттен келген елшілік өкілдерінің, Еуропадағы түркі мәдениетін зерттеп жүрген бірқатар ғалымдардың қатысуымен өтті. Бүкіл түркіге ортақ құндылық болып саналатын хикмет ілімінің сахналық үлгіде орындалуына тәнті болған көзі қарақты көрермен алған әсерлерімен бөлісіп, топ мүшелеріне ыстық ықыластарын білдіріп, жүрекжарды пікірлерін аямады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай келген келесі рухани әуендер кеші Германияның ең әсем қаласы Мюнхенде өтті. Шаһардағы қазақ диаспорасы ұйымдастырған кештің мақсаты – жүрекке жетер сазды әуендермен өрнектелген Әзіреті Сұлтан Ахмет Ясауи хикметтерін шет елдегі қазақ тыңдарманына жеткізу. Мюнхендегі қазақ қауымдастығының өкілі Өмірхан Алтынның айтуынша, рухани кеш көңілдерге нұр, жүректерге үміт сыйлады. Ясауи хикметтері – күллі түрік баласына ортақ қазына. Кешке Мюнхендегі түрік ағайындардың Миғраж мешітіне келуші жамағат пен медресе шәкірттері, сондай-ақ Қазақстаннан келген студент жастар да келіп, рухани әуендермен сусындады.

Вокалды топтың Еуропадағы соңғы концерті Германияның Кёлн қаласында ұйымдастырылды. Ата жұрттан келген қонақтарды арнайы дастархан жайып қарсы алған жергілікті қандастарымыз бар сый-құрметін көрсетті. Рухани әуендер кешінен кейін концертке жиналған ағайын алған әсерлерін жасыра алмай көз жасына ерік беріп, алғыстарын жаудырды.

Еуропа сапарында топ репертуарындағы хикмет-жырлардың көркем аудармасын жасаған ақын, аудармашы, фольклорист, көптеген кітаптар мен жыр-жинақтардың авторы, "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісінің және "Құрмет", "Отан" ордендерінің иегері Светқали Нұржан ағамыз бірге жүріп, қазақ дүниетанымындағы хикмет ілімі, хәл ілімі, ар ілімі, Ер Мәді тұлғасы туралы жиналған көпшілікке тарқата айтып, баяндап отырды.

Шығармашылық топ осы сапарында Берлин қаласындағы әлемге әйгілі дыбыс дизайнері Аксель Райнеммердің «Jazzanova» студиясында 15 шығармасын таспаға жаздырып қайтты.