САМАТ ҚАНСЕЙІТ
ҚАНСЕЙІТ САМАТ АСАНҰЛЫ
1977 жылы қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Ақбастау ауылында дүниеге келген. Отбасылы. 3 баланың әкесі.
1983-1991 жылдары Ақбастау орталау мектебінде білім алған.
1991-1995 жылдары Шымкент музыкалық училищесінде домбыра мамандығында оқыған.
1995-1999 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде «Өнер менеджері» мамандығы бойынша жоғары білім алып, 1996-1999 жылдар аралығында университет қабырғасында құрылған «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінде өнер көрсетіп, облыс, республика көлеміндегі әртүрлі мәдени шараларға қатысты. Сонымен қатар аталмыш ансамбль құрамында жүріп 1998 жылғы шілдеде Түркия елінің Ялова қаласында өткен Түркі халықтары мәдениетінің фестиваліне қатысып, ұлттық өнерімізді шет мемлекетте паш етті.
1999-2003 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, үздік дипломмен бітірген. Консерваторияда оқып жүріп «Сарын» студенттік фольклорлық ансамблінде өнер көрсетті.
Мектеп, колледж, университет қабырғаларында жүрген кезінде-ақ әртүрлі байқауларға қатысып жүлдегер атанып, түрлі мемлекеттік деңгейдегі мәдени шараларда өз өнерін көрсетіп жүрді.
2000-2002 жылдары Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде (шаңқобыз, сыбызғы) оркестр артисі қызметін атқарды.
2002 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Адырна» фольклорлық ансамблінде еңбек етті.
2002-2004 жылдары С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде (көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі) қызмет атқарған.
2000 жылы консерватория қабырғасында оқып жүріп, әріптес достарымен «Ясауи» тобының құрылуына атсалысты.
2000-2010 жылдар аралығында «Ясауи» вокалды-шығармашылық тобы құрамында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанның барлық облыстарын үш дүркін концерттік бағдарламалармен аралап, қазақ диаспоралары қоныстанған Ресей, Моңғолия, Түркия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты шет мемлекеттерде де гострольдік іс-сапарларда өз өнерін көрсетіп, халқымыздың рухани, музыкалық мұрасының насихатталуына үлкен үлес қосты. 2010 жылы «Ясауи» тобы өзінің шығармашылық жұмыстарын уақытша тоқтатқан еді.
2010 жылдан бері әртүрлі медиажобаларға қатысып («Ел» Продюсерлік орталығы», «Қазақфильм» киностудиясы, «Қазығұртфильм» киностудиясы, Қазақ радиосы, т.б.), өзінің білгір музыкант, білікті маман екенін көрсетті.
2012-2013 жылдары Астана күні мерекесі қарсаңында «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалінде музыкалық редактор қызметін атқарды.
2012-жылы Қазақ радиосында музыкалық редактор.
2013-2020 жылдар аралығында «Хабар» телеарнасының музыкалық редакциясында музыкалық редактор қызметін жасады. «Білім және Мәдениет» (2014-2016 жылдар аралығы) телеарнасында «Ғасырлар пернесі», «Дала әуені», «Шығармашылық кеш», «Хабар» телеарнасында «Кеше ғана», «Абай ТВ» телеарнасында «Музыка Великой степи» музыкалық бағдарламаларында редактор қызметін атқарды.
2014-2016 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы түлектерінен құрылған «Абат» этно тобында өнер көрсетіп, республика деңгейіндегі түрлі шараларға қатысып, аталмыш топ «Білім және Мәдениет» теларнасында жарты сағаттық жеке концерттік бағдарламасымен эфирге шықты. Бұл концертті осы күндері youtube желісінен қалың көпшілік тамашалап жүр.
2016-2017 жылдары Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде «Сыбызғы», «Сазсырнай» аспаптарынан жеке қосымша пәннен және «Орындаушылық өнер тарихы» топтық пәнінен сабақ беріп қызмет атқарды.
2016-2018 жылдары «Алматы әуендері» КМҚК-на қарасты Алматы қаласы әкімінің «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінде жұмыс жасады.
2018 жылдың қыркүйек айынан 2020 жылдың қазан айына дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы БАҚ-пен жұмыс жасау бөлімінің жетекшісі, баспасөз-хатшысы.
2020 жылдың қазан айынан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Ақпараттық саясат бөлімінің басшысы, баспасөз-хатшысы қызметін атқарып келеді.
МАРАПАТТАРЫ:
2021 жылы еліміздің әлеуметтік-мәдени саласында атқарған абыройлы еңбегі мен әдебиет, мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрінің Алғыс хатымен, сондай-ақ, Алматы қаласындағы мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
2021 жылы мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқаны, елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі, мәдениет саласын жетілдіруге белсене қатысқаны, мәдениет жүйесінде инновациялық қызметі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.