ЕЛДОС ЕМІЛ
ЕМІЛ ЕЛДОС ХАБИБОЛЛАҰЛЫ
Маңғыстау өңірі ән-жыр мектебінің дарынды өкілдерінің бірі, хикметші, жыршы, әнші, күйші, «Ясауи» тобының құрылтайшысы, солисі, хикмет әуендерінің авторы, қазақ фольклорының білгірі.
1975 жылы 17 шілдеде Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінде дүниеге келген. Отбасылы. 9 баланың әкесі.
1982-1992 жылдар аралығында Бейнеу ауданына қарасты Сырға ауылындағы Ә. Жангелдин атындағы орта мектепте оқыған.
1993-1997 жылдары Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасында С. Жанпейісова мен Б. Жүсіповтен, «Домбыра» кафедрасында С. Балмағамбетовтен тәлім көрген.
1997-1999 жылдары этномузыктанушы, өнертану ғылымының кандидаты С. Елемановадан «Маңғыстау жыр дәстүрі» тақырыбында ассистент-әдіскер ретінде білім алған.
1999 жылы Маңғыстау өңірінің Абыл, Нұрым, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, Ақтан, Сүгір сияқты жырауларының насихат-термелері Елдостың орындауында «Аманат» атты жыржинақ альбомы ретінде жарық көрді.
2000-2001 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды.
2000 жылы «Ясауи» вокалды тобын құрып, 2010 жылға дейін ұжымның көркемдік жетекшісі және солисі болып қызмет атқарды. 2010 жылдың тамыз айында шығармашылық топ өз жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.
2010 жылы «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні және 1000 күйі» жобасына қатысып, аталмыш жинаққа Елдос Емілдің орындауында Маңғыстау өңірінің дәстүрлі ән-күйлері енді. Бұл жобаның міндеті мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымындағы міндеттерді жүзеге асыру, яғни музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілікке кеңінен насихаттау, сол арқылы дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандыру, оларға құрмет көрсету болды.
2021-2023 жылдар аралығында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директор орынбасары қызметін атқарды.
Қазір Маңғыстау облысының М. Өскенбаев атындағы филармониясы мен облыстық ғылыми-әдістемелік, кино және мәдени қызмет көрсету орталығында жұмыс жасайды.
Елдос Хабиболлаұлы жеке орындаушы жыршы, күйші ретінде, сондай-ақ «Ясауи» вокалды тобының құрамында қазақтың мәдениеті мен өнерін әлемге таныту мақсатында көптеген шет мемлекеттерде жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Атап айтқанда, Франция, Германия, Румыния, Болгария, Түркия, Иран, Тәжікстан, Ресей, Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және т.б. Сонымен қатар Қазақстанның барлық облыстары, аудандары мен шалғай ауылдарында да концерттік-гастрольдік іссапарлармен барып, өз өнерімен көпшілік сүйіспеншілігіне бөленді. Елдос көптеген телевизиялық жобаларға да ат салысып, оның орындауындағы жыр-термелер еліміздің бірнеше сайттарында, аудио кітаптарында өз тыңдармандарын тәнті етуде.