Қашағанның насихаты

Қашаған Күржіманұлы                           

 

Әуенін жазған – Елдос ЕМІЛ

Хорға өңдеген – Бейбіт АҚОШ

 

Ұлуғы Алла есмімен

«Біссімілләдан» бастадым.

«Пайғамбар – Хақ, Құран – шын,

Алланы – бір» деп жадқа алың.

Тәуекелсіз тәубе етсең,

Мұтлақ харам тапқаның.

Таң намаздан бейхабар

Күн шыққанша жатқаның.

Үстің көрпе, астың құс,

Ойласаң, ұйқы жаман іс.

Ғаламат болар көрген түс –

Дәреже көріп жүрсіңдер

Шайтанның сыйлап, баққанын.

Періштелерді қуарсың,

Дүниені харам қыларсың

Ғұсылсыз қадам басқаның.

Дін тірегі – ибалық,

Ибаның әдеп қақпағы

Қақпағы қымтап жабылса

Шайтанның қиын ашпағы.

Әдеп, ақыл жоқ болса,

Тәкаппар ашу көп болса,

Иманның оңай қашпағы.

Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет

Шайтанға майдан ашқаны.

Зікірмен зарлап ерте-кеш

Нәпсісін байлап тастады.

Бақырғани Сүлеймен

Мүшкілін айтқан бастағы.

Оразасын тұта алмас,

Бес уақ намаз күте алмас,

Қорықпаса Құдадан,

Қашпаса халық күнәдан.

Кімнің жақсы – жаманын

Таразы - мизан күнінде

 

Бір Алла өзі сынаған.

Ыбырайымдай пайғамбар

Ысмағұл деген баласын

Құрбанға шалып қиналып

Әміріне Хақтың шыдаған.

Мұхаммед бізден не көрді,

Үмбетім деп қайғырған.

Тілегін бізге аударып,

Аяулы жаннан айрылған!

Жантәсілім боларда,

Жан кеудеден шығарда

Әзәзіл келед алдыңа

Адам болып танытпай.

Бір кесе салқын су алып

«Шөлдесең сусын берейін,

Иманың сат деп! » - жалықпай.

Кеткен жас пен қария,

Мұрсал, нәби, әнбия,

Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет,

Құрметті болған – жария.

Көліксіз арба көшірген,

Сусыз көмір өшірген,

Өтейін десе жол берген

Оған түпсіз дария.

Әзірет Әлі – Шер өткен,

Көреген Темір дүр өткен.

Жүсіптей асыл Нұр өткен,

Шыңғыстай асқар шың өткен.

Сан пайғамбар, сахаба,

Құдайдың досты бұ да өткен.

«Аллалаған» Пір өткен,

Туына жұртына түнеткен.

Зікір, таспих, жария –

Мешіттің ішін гүл еткен....

Хақ расулының сүннетін,

Қожа Ахметтің міндетін

Өшіре көрмең жүректен!