АНАДАН АЛҒАШ ТУҒАНЫМДА
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
Хорға өңдеген - Бейбіт АҚОШ
Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дабыстап.
Кіндікті кесіп қиғанында,
Анамнан кеттім алыстап.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Құндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемді әбден арулап.
Жыладым ба екен әлде сонда,
Азаттық көрмей өлем деп.
“Кіш-кішке” күлдім білмей онда,
Мазаққа талай көнем деп.
Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмір жазаңды.
Кіндікті кесіп тастамағы –
Жас өмір сүйтіп қиылған.
Ақ бұйымға орай бастамағы –
Кебінің сондай бұйымнан.
Қуыстап салса құндағына,
Кіретін көрге ұқсамақ .
Тағдыр жоқ өлмей тұрмағыңа,
Өмірді өлім тұсамақ.
Қайтсең де көріп қайғы, жұмыс,
Қазулы көрің дап-дайын.
Айласын тап та, таза арақ іш,
Жоғалар сонда бұл уайым.
Таза ақылды айтар таза арақ деп,
Мастық деп айтса – терең ой.
Осыған ұмтыл шын ентелеп,
Қиянат, алдау - бәрін қой.
Еңбекке шыда ебін тап та,
Сабырдың түбі - сары алтын.
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі - өз халқың.
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.