Таһлил

АҚ ИШАН

(ХІХ-ХХ ғ.)

ТАҺЛИЛ

 

Зікірлердің абзалы – лә иләһә иллАЛЛА,

Иманымыздың маржаны – лә иләһә иллАЛЛА.

Игіліктер тұнбасы – лә иләһә иллАЛЛА,

Амалдардың мырзасы – лә иләһә иллАЛЛА.

Кілті сегіз жұмақтың – лә иләһә иллАЛЛА,

Құлпы жеті тозақтың – лә иләһә иллАЛЛА.

Көкіректің самалы – лә иләһә иллАЛЛА,

Діл-тазалық қамалы – лә иләһә иллАЛЛА.

Жеті көк пен жеті жер – таразыға сал, кәні,

Басар ауыр салмағы – лә иләһә иллАЛЛА.

Кәлимәи-и тайибә, кәлимәи-и шаһадат,

Кәлиманың құты, ырас, – лә иләһә иллАЛЛА.

Тақуалық кәлима, құтқарушы кәлима,

Кәлимәи-и ықылас – лә иләһә иллАЛЛА.

Көк қақпасы аршылар, жетер үнің Ғаршыға, ал,

Бұған қалай жан шыдар?! – Лә иләһә иллАЛЛА.

Айтты мұны Мүсілім: мұны білген кісінің

Пейіш мақтар ісімін – лә иләһә иллАЛЛА.

Нұрмен шайып алқаны, балқып айтса жан-тәні –

Түсер Хақтың мархамы – лә иләһә иллАЛЛА.

Ібілісті көрген дос, –

Дерт бар сенде емделмес,

Емің: еш сөз тең келмес – лә иләһә иллАЛЛА.

Қашып шайтан жалғаны, танытады АЛЛАНЫ,

Ол жанның жоқ арманы – лә иләһә иллАЛЛА.

Татам десең балдан нәр, енді қапы қалмаңдар,

Күні-түні зарлаңдар – лә иләһә иллАЛЛА.

Күнәларды жояды, бұл Алланың аяны. –

Нұр-дария шаяды – лә иләһә иллАЛЛА.

Кәр-тозақтан отты ұшқын

Құтылар ед көп міскін –

Айтса егер кім жетпіс мың – лә иләһә иллАЛЛА.

Кірер еді жәнатқа, шыжғырылмай жаны отқа –

Айтса ақырғы сағатта – лә иләһә иллАЛЛА.

Кепіл болар, – илан-ғын – пәктігіне иманның

Ақтық сөзі мейманның – лә иләһә иллАЛЛА.

Хақ Тағала тілегі, асыл иман жүрегі,

Дін-Ислам тірегі – лә иләһә иллАЛЛА.

Жетпіс бұтақ – иманда, бәрін сізге қыйды АЛЛА! –

Абзалынан құр қалма – лә иләһә иллАЛЛА.

Көңілдегі кіріңді жуып, жүрек тірілді,

 

Сәулелейді сырыңды – лә иләһә иллАЛЛА.

Таразының алдына тартылса егер бар күнә,

Ауыр тартар жалғыз-ақ – лә иләһә иллАЛЛА.

Хақтың егер, қарағым, көрем десең Жамалын,

Айту болсын талабың – лә иләһә иллАЛЛА.

Жазғаны алғаш қаламның – лә иләһә иллАЛЛА,

Жаралуы ғаламның – лә иләһа иллАЛЛА.

Тәкәппарда жоқ-ты ақпар,

Кеудеде кір, батпақ бар. –

Айтпайды ондай бетпақтар – лә иләһә иллАЛЛА.

Қосқан жандар деміне, –

                                        жетті ол Бақыт кеніне,

Ертелі-кеш еңіре – лә иләһә иллАЛЛА.

Ырзық артар татарға – тынбай айтсаң сахарда,

Мың сан айтсаң жатарда – лә иләһә иллАЛЛА.

Қаһарынан АЛЛАНЫҢ бас-амандық қамда-ғын,–

Паналаңдар қорғанын – лә иләһә иллАЛЛА.

Сұбхан-АЛЛА, – жан-жарым, саған жету арманым! –

Біл, – қорғаны АЛЛАНЫҢ – лә иләһә иллАЛЛА.

Мың айтсаң әр жатқанда, – Ғаршыға Рух жетті онда,

Жалғанасың Жаббарға, – лә иләһә иллАЛЛА.

Махаббаттың кеніші, құрмет-бақ жемісі,

Мағрифат өрісі, – лә иләһә иллАЛЛА.

Шариғаттың шырағы, салихтардың құралы,

Ғашықтардың тұрағы – лә иләһә иллАЛЛА.

Иман көктер діліңде – тіліңде егер «һай» тұрса,

Сексен бес мың айтылса – лә иләһә иллАЛЛА.

Білмей айтқай шегін ел, қосқай әрбір деміне ол,

Күнәлары төгілер – лә иләһә иллАЛЛА.

«ИллАллаһтың» «һ» әрпін жеткізіп айт елге әйгі,

«һ»-сыз таухид болмайды, – лә иләһә иллАЛЛА.

Он мың айтпай, мың айт-қын, – «һ»-сын созып тыңайт-қын,

Зауықпенен шын айт-қын – лә иләһә иллАЛЛА.

Алаңдама санына, үмітпенен жалына

Көп айт, – беріп мағына – лә иләһә иллАЛЛА.

Діннің басқы сатысы – мубтадилер* хақысы:

Лә иләһә иллАЛЛА лә мақсуда* иллә һу.

Әһли уәсат* – адамдар, мына сөздер саған дәл:

Лә иләһә иллАЛЛА лә махбубә* иллә һу.

Мунтаһилар* – хас құлдар, бұл Сөзден сыр аштыңдар:

Лә иләһә иллАЛЛА лә мәужудә* иллә һу.

Жалпы халық – аама нас*, сізге ылайық баға,бәс:

Лә иләһә иллАЛЛА лә махбуда* иллә һу.

Тәліптерге – сағадат, лағынға – азап-от,

Ібіліске – ғазауат – лә иләһә иллАЛЛА.

Арифтердің* панасы, сәліктердің* санаты,

Ғашықтардың қанаты – лә иләһә иллАЛЛА.

Хабибтердің* шарабы, зарықтардың сауабы,

Мұнафықтар зауалы – лә иләһә иллАЛЛА;

Шариғаттың қарары – лә иләһә иллАЛЛА.

Тарихатта қуатың – лә иләһә иллАЛЛА;

Хақиқатта суатың – лә иләһә иллАЛЛА;

Жан-діліңді жуатын – лә иләһә иллАЛЛА.

Шариғаттың тармағы – лә иләһә иллАЛЛА;

Тарихаттың майданы – лә иләһә иллАЛЛА;

Хақиқаттың ожданы – лә иләһә иллАЛЛА;

Мағрифаттың қорғаны – лә иләһә иллАЛЛА.

Емі дертті пақырдың – лә иләһә иллАЛЛА,

Раушаны зәкірдің* – лә иләһә иллАЛЛА.

Құлды Хаққа бұрғаны – лә иләһә иллАЛЛА;

Нәпсі, шайтан зынданы – лә иләһә иллАЛЛА;

Тәліптердің мұң-зары – лә иләһә иллАЛЛА;

Мүршиттердің гүлзары – лә иләһә иллАЛЛА.

Әһлі тақуа опасы – лә иләһә иллАЛЛА,

Әһлі ділдің сапасы – лә иләһә иллАЛЛА.

Әһлі зікір асылы – лә иләһә иллАЛЛА;

Әһлі сыдық* машығы – лә иләһә иллАЛЛА;

Балдан тәтті нәсібі – лә иләһә иллАЛЛА.

Сахыралардың шаңынша – лә иләһә иллАЛЛА;

Ағаш жапырағынша – лә иләһә иллАЛЛА;

Жаңбыр тамшыларынша – лә иләһә иллАЛЛА.

Озал менен Ақырға

Көпір болып салынса – лә иләһә иллАЛЛА.

Мағұлым Хақиқат шамынша –

Бар жүректе жағылса – лә иләһә иллАЛЛА.

Иә, ИЛӘҺИ, тауфық бер,

Пенделерің жалынса – лә иләһә иллАЛЛА.

Арман бар ма өлерде

Хақтың нұры ағылса – лә иләһә иллАЛЛА.

«Лә иләһә иллАЛЛА»

Аузымызға салынса! –

Лә иләһә иллАЛЛА...

_____________________________

Мубтади* – дінге алғаш кіруші; мақсудә* – мақсұт етуші; әһли уәсат* – дінге ертерек кірген-дер; махбубә* – махаббат қылушы; мунтаһи* – дінде бұрыннан барлар; мәужудә* – Сен ғана мәңгіліксің; аама нас* – жалпы халық; махбуда* – Сен ғана ылайықсың; ариф* – Құдайды таны-ған жан; сәлік* – рухани жолда жүруші; хабиб* – сүйікті; зәкір* – зікірші.