Әнтәл Һәди

Қожа Ахмет Ясауи

 

 

Көне түркі тілінен қазақшаға аударған – Ахмет ТОРБАЙ

Көркем аудармасын жасағанСветқали НҰРЖАН

Әуенін жазған – Елдос ЕМІЛ

Хорға өңдеген – «Ясауи» тобы

 

 

Құнсыз құлың дәргейіңе жылап келдім,

Жетегіңе ал, жолыңа сал,Әнтәл һәди.

Ия, Құдірет, адастырмас шырақ бер-гін,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Болдым басыр, мисыз басты нанға тығып,

Сеніменен сырласпаспын таңда тұрып.

Кешермісң өкінсем мен мәңгі “аһ” ұрып,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Азғын жолға түстім, достар, халім – харап,

Жөн айтар ма жиған жандар қарынға – бақ?!

Сен жол көрсет, Жаратушым - Әли Жанап,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Қорқып келгем Жан мен Тәннен харамдалған,

Кенет маған дауыс жетті Жан-Алламнан.

Қайта жақты үміт отын тәмам болған,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Жылап келдім, бетім бар ед кімге қарар,

Айдың нұрын шырақ қылшы түнде жағар.

Падишам – Сен, сүйенішім – Бір және Бар,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Кір күнәмен былғап алдым иманымды,

Бұралқы итпін, қақпан шалған сирағымды.

Қалай көрем бұл халіммен Дидарыңды,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Куәлік берер қол-аяғым өлгенде мен,

Сен кешпесең ақтала алар пендең немен?-

Күнәм шексіз, жұртта қалған шермендең ем,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Көп қылмысым ауру қылды – Дәргерім Сен,

Жаным да – сен, Сүйіктім де, Дәрменім – Сен,

Адасқанның халін сұрар Жан-Бегім – Сен,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Кім бола алар саған деген сенімге кес,

Сенсіз жүрген жолым дәйім менің көмес.

Мейіріңсіз қиындығым жеңілдемес,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Жерде, көкте Сенен өзге Қадір де жоқ,

Осы сөзді естіп тұрсың – шәгім де жоқ.

Бірсің, Барсың, еш шүбәсіз әзір де боп,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Мен жолыңа басты берем, Қадір - Жарым,

Бас деген не? –Жүз мың пида ғаріп жаным.

Дертім - өзің, Дәрім де өзің, Зарым – қалың,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Сенің зауқың бар қорегі Жан-Иманның,

Махаббат бер, орынын жанымды ал-ғын.

Махшар Күні Нұр ғып соны қабылдармын,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

“Құл һу Аллаһ” Сүбіханның ол – қамшысы,

Ораза, намаз, тәһлил, тәсбих – Хақ жаршысы.

Пірмұғандар тәліптердің жолбасшысы,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Зікірін айтсам Әнтәл Һәди,Әнтәл Хақтың,

Келіп еді тура жолда шер тарқатқым.

Әр Зікірім шайтан біткен қорқар қатты үн,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Әнтәл һәди, Әнтәл Хақтың Зікірі зор,

Пірмұғанның сөзін ұқсаң Пікірі зор,-

Жан сарайың жарық табар – шүкірі мол.

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.

 

Құл Қожа Ахмет, саған рахым тиер ме еді,

“Шүкір” дейін, “пендем” десе Ием мені.

“Пендем” демей жүз қайырса – күйер көгім,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл һәди.