Аралбайдың насихаты

Аралбай Оңғарбекұлы

 

Әуенін жазған – Елдос ЕМІЛ

Хорға өңдеген – «Ясауи» тобы

 

Сөздің басы бісміллә,

Әмірі Хақтың сірәдан.

Алласы кетіп аузынан,

Әзәзіл шайтан бұда азған,

Күллі Кәрім-Құраннан,

Зейжәтүл мәләкүл мәуіттің,

Хадисін тұтқан бұл адам.

Қалыбынан қайғы асса,

Ұшқындап шығар зыбаннан.

Ашу-бөрі, ақыл-қой,

Аралас бағып жүре алман.

Көз-таразы, көңіл-хан,

Әмірін екі қыла алман.

Шерлі жүрек, желді өкпе,

Желпінбей шықпас құмардан.

Тәуекел етсең жарасар,

Жан жаратқан Аллаға.

Пенделік қиял ойладым,

Басымды топқа салмаға.

Шікірәсі біз кімнің,

Бір күні біз де өлерміз.

Атамыз Қорқыт сақтанып,

Қала алмапты ол-дағы,

Қырық жыл қашып далада.

Жүніс атам қарт болған,

Неше жыл жүріп дарияда.

Алла ісіне шара жоқ,

Ұл берген нұрдан Мәрияға.

Ғайсадайын ұл туып,

Ұжмақтан орын тұтылған.

Заманнан-заман озғалы,

Тек жалғыз-ақ сол дейді,

Өлімнен тірі құтылған.

Таба алмадым басқа жан,

Дүниенің шарлап бұршынан.

Ақылы бар жігіттер,

Шайтанның сақтан құлқынан.

Адам болып біз жүрміз,

Атамыз-сафи Адамнан.

Он сегіз мың ғаламның,

Нәсібі жерге шашылған.

Бір Алла деп сөйлесе,

Ер талабы ашылған.

Тәуекелсіз, тәубесіз,

Ер қырсыққа шатылған.

Ойласаң бақи қызыл гүл,

Бұл фәниде мен бұлбұл,

Сазына қарай шақырған.

Ойласаң дүние бейтерек,

Біз бір қонған бозторғай,

 

Бұтағында асылған.

Жан барында кеудемде,

Байқадым мен де шарқымнан.

Атамыз Адам жаралған,

Топырақтың зарпынан.

Айрыларсың жинаған,

Пайдасыз жанға малыңнан.

Жалғанның мынау нарқынан,

Кәләмнің анау төрт қарпін.

Әзіреті Ғали Арсылан,

Күшім көп деп ол-дағы.

Көтерем деп талпынған.

Ақылға салып ойласаң,

Сол жақсының бірі жоқ,

Бақиға көшіп таусылған.

Таусылды деп өкінбе,

Алласы нұрмен қаусырған.

Көрерсің Хақтың Дидарын,

Кір жұқпаса діліңе,

Адал болсаң дініңе,

Жұмыртқадай аршылған.

Жаббар Хаққа ұнайсың,

Зікір етіп зарласаң.

Жамағатқа ұнайсың,

Пікір етіп барласаң.

Одан өткен амал жоқ,

Шартарапты шарласаң.

Осыларға бекем бол,

Ақиретті қамдасаң.

Мәдинада – Мұхаммет,

Түркістанда – Қожа Ахмет,

Маңғыстауда Пір Бекет

Солардан сұра нанбасаң!