Әстағфар
Қожа Ахмет Ясауи
ЖАРАТУШЫ – ЖАН-АЛЛА
Көркем аудармасын жасаған – Светқали НҰРЖАН
Хорға өңдеген – «Ясауи» тобы
Жаратушы – Жан-АЛЛА,
Жарылқаушым ғаламда.
Мейіріңнен дәметем
Кірпігімді жабарда.
Әзірейіл төнгенде,
Қарқараға келгенде
Не қылармын, Құдай-ай!?
Жан тапсыру уайымын,
Әзәзілдің ойынын –
Сенен жәрдем болмаса
Не қылармын, Құдай-ай!?
Оңайлықпен жанды ал да
Сапарымды оңда, АЛЛА!
Жан кеудеден самғарда,
Тәнім жерде қалғанда,
Табытқа әкеп салғанда
Не қылармын, Құдай-ай!?
Түстім талай аранға,
Баттым талай харамға,
Бола алам ба панаңда,
Жаратушы – Жан-АЛЛА,
Жарылқаушым, ғаламда?
Кеудеге тас басылып,
Жерге мәңгі жасырып,
Жыйылған жұрт асығып
Жеті қадам ұзарда,
Мүңкір-Нәкір сұрарда
Не қылармын, Құдай-ай!?
Рухты Тән қарсылап,
Қылған күнәм жаншылап;
«Раббың кім?» – деп періште,
Қысқан кезде сан сұрақ –
Не қылармын, Құдай-ай!?
Құл Қожа Ахмет, мақтанба
Нәпсі-кірге батқанға! –
Мақшар Таңы атқанда
Не қылармын, Құдай-ай.