Балмағамбеттің насихаты

Балмағамбет Балқыбайұлы

 

Әуенін жазған – Елдос ЕМІЛ

Хорға өңдеген – «Ясауи» тобы

 

Жалынайық жаппарға,

Аудармай ықылас,күндіз-түн,

Ар ұяттан басқаға,

Ил-алламен бітсін үн.

Саламат болса иманым,

Ғұмырым тамам болған күн.

Наби тасбих тартайық,

Кешірім болғай ғайып мін.

Ил-алламен көркейер,

Расулға келген ислам дін.

 

Ардақты нәрсе болар ма,

Мұсылманға иманнан.

Залал болмас пендеге,

Сұм ніпсіні тыйғаннан.

Пайда көрмес өлген күн,

Той қылып,дүние жиғаннан.

Ғибрат қалай алмаймыз,

Қиялап көрге сыйғаннан.

Алдандырып сұм дүние,

Көзге топырақ құйғаннан.

 

Ғибратын көрер көз қайда,

Ғибрат алар сөз қайда?

Алалдан болған ақшасы,

Кебінге жарар бөз қайда?

Уақыт қолдан кеткен соң,

Өкініштен не пайда?

Қисайғанды түзейтін,

Құрулы тұрған тез қайда?

 

Ил-аллаһу күндіз-түн,

Тапсырғаны пірімнің.

Ықылас еткен кәміл пір,

Мысыр мен Шам Урұмның.

Қадірін білген Мадина,

Інжу-меруерт дүрімнің.

Денеге жұққан күнәдан,

Шайылса бәрі кірімнің.

 

Он сегіз жыл Розатқа

Имамлық қылған еріміз,

Жүзіндегі дүниенің,

Қасиетті жеріміз.

Айталық таһлил үн салып,

Тарқар ма іштен шеріміз.

Қарлығып дауыс,маңдайдан

Сорғаласын теріміз.

 

Зікір,таһлил,көп айтқан,

Қашар шайтан халықтан.

Қашқандай шабақ шашырап,

Шортан атты балықтан.

 

Әй,достарым, келіңіз,

Жыйылып,зікір салайық.

Куә болар махшарда,

Тыңдап тұрған халайық.

Халық қатары қызмет қып,

Сыбағамызды алайық.

Сүннатын айтып Расулдың,

Кәусарынан қанайық.

Үмбеттікке мұнан соң,

Өзімізді санайық.

Зікірші хақтың досы деп

Айтқанына нанайық.

Хақ жолына ғашық боп,

Тірідей күйіп,жанайық.

Заманында болмаған,

Теңдесі мен тұстасы,

Жазуға ғазал ғалымнан,

Артық еді ұстасы,

Тәһлил жайын сипаттап,

Ұзын емес,қысқасы,

Қолымен жазған тәбәрік

Көрсеңіз мынау нұсқасы.

 

Он екі мүше патшасы

Кірленбесін діліңіз,

Тілінен жылан захарлы,

Тиылмаса тіліңіз.

Пайдалы сөзден басқаға

Бармауы керек тіліміз.

Сұхбат  құрсаң  ғалыммен,

Қуаты кірер дініңіз.

Дүниеде көп жылап,

Сираттан өтіп күліңіз.

Дүниеде көп күліп,

Ақіретте жыласаң

Нешік болад күніңіз?

 

Нәуміт қоймас,жаратқан

Сахарға тұрып зарласа.

Ағып жасы көзінен,

Ықыласымен парласа.

Бас кірлейтін мәжіліске

Зорламай тұрып бармаса.

Сұхбатына ғалымның

Кірісіңіз жармаса.

 

Қандай тілек тілесең,

Қасиеті артық сахардың.

Заһитлар сайрар сахарда,

Бұлбұлындай бахардың.

Періште сайрар ысқырып,

Алдында таң атардың.

Ғафілет көрпе жамылып,

Қиыны жоқ жатардың.

Бірінен өтпей мәз болдық,

Толып жатқан қатердің.

Ғапыл болмай достарым,

Азығын сайла сапардың.

 

Қабыл болғай Алланың,

Дәркахына санамыз.

Жаратқан жалғыз егемсің,

Бірлігіңе нанамыз.

Қасірет кеулеп көңілді,

Өртеніп жүрек жанамыз.

 

Қатуға  таңдай таянды,

Бір өзіңсің панамыз.

Дариясынан рахматтың

Қай күні ішіп, қанамыз?

Сахарда тұрып зарласам,

Болар ма,қабыл наламыз?

Біз бір ғаріп, сұраншы,

Не берсең де аламыз.