Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

 

 

Хорға өңдеген – Бейбіт АҚОШ

 

 

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек,

Бұған ұйқасты өлең сөз керек,

Өзіне орайлы.

 

Денең жан нұрлы болса жөнделмек,

Өлең әнге өлшеп айтса өңделмек.

Ұйқасса қолайлы.

 

Ән - өлшеуіш, өлең - күміс,

Қоспаңыз мыс аралас.

Артық алу не кем салу,

Қарпі қалу жарамас.

 

 

Тағдыр адамды айдап туғызбақ,

Әрбір сүйгенін нәпсі қуғызбақ.

Өмірдің жолы бұл.

 

Жақсы нәпсісін өзі билемек,

Тапшы, наданды нәпсі сүйремек.

Мақтанға болып құл.

 

Ата-анасы, айналасы,

Замандасы қылған іс.

Тәлім берер, соған ерер,

Тағы келер бір туыс.