Пәруардигар
Қожа Ахмет Ясауи
Көркем аудармасын жасаған – Светқали НҰРЖАН
Әуенін жазған – Елдос ЕМІЛ
Хорға өңдеген – «Ясауи» тобы
Ғашықтық жол саған бастар Бір және Бар,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Қолым жайып дұға қылам,Ием Жаббар,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар
Ғашықтық от. Басылмайды жанның шөлі,
Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.
Ғашық болмай танымаспын, Мәулім, Сені,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Ғашық жыры сыймас Достың сарайына,
Жүмілә ғашық жылап барар пәнәйына.
Жеті тозақ төзбес ғашық арайына,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Шын ғашықты көрсет маған сағынды жан,
Ара кессе Зәкәриядай тәлім қылам.
Бәле келсе Аюб құсап сабыр қылам,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Ғашық дертін талап еттім, дәрмені жоқ,
Осы жолда жан бергеннің арманы жоқ.
Жан бермеуден басқа жолдың қалғаны жоқ,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Ғашық қылдың, қайдан табам, амалым жоқ,
Зікір етем тек өзіңді – таярым жоқ.
Дәргейіңнен басқа жерге барарым жоқ,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Ғашық базары – ұлық базар, сауда харам,
Ғашықтарға сенен өзге дау да харам.
Дүние – харам. Тек өзіңнен сауға табам,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Ғашықтықты уағыз қылып жүре алмадым,
Нәпсіні жеңіп, әміріңді қыла алмадым.
Надандықпен Хақ әмірін біле алмадым,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Құл Қожа Ахмет, бұл бір дерт қой дуа қонбас,
Боянсаң да жүзіңізді қуалар жас.
Көз жасыңнан бөтен ешкім куә болмас,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.